Биік белесті бағындырған «Бәйтерек»: Көшіп келген қандастар жылыжай бизнесін дөңгелетуде
Қазіргі таңда көкөніс кешендері ауыл шаруашылығының ең тиімді саласына айналғанымен, Қазақстанға көкөністің басым бөлігі Өзбекстан мен Қырғызстаннан импортталады. Елдегі жылыжай шаруашылығының 80 пайызы оңтүстікте дамығанымен, Оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы аясында Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар СҚО-да да бұл кәсіпті табыс көзіне айналдырып отыр.
Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында (ауыл тұрғындарының басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан келген қандастар) жылыжай кешенін табыс көзіне айналдырып отырған бірнеше отбасы бар. Солардың бірі – 2009 жылы көшіп келген Нұржан Қошбаев.
10 сотықтан 50 сотыққа дейін
Нұржан Қошбаев отбасымен көшіп келген жылы базарда көкөніс сатудан бастаған. Қолындағы азын-аулақ ақшаға үйінің алдындағы 10 сотық жерді сатып алып, жылыжай құрылысын бастайды.
«Бизнесті 10 сотық жерден бастадым. Түскен пайданы жинап, сол ақшаға жер сатып ала бердім. Қазіргі таңда 50 сотық жерім бар. Болашақта шаруашылығымды үлкейткім келеді,» – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Нұржанның жиырмаға жуық жылыжайы бар. Мұнда қияр, аскөк, насыбайгүл, ақжелкен, салат, көк пияз, шпинат, шалғам, кинза, қымыздық сияқты көкөністер өсіріледі. Жылыжай тамшылату әдісімен суғарылады, әр шаршы метрден жылына 90 келіге дейін өнім алынады.
Нұржан Қошбаев жылыжайдың қыр-сырын Өзбекстанда меңгерген. Оның айтуынша, бұл бизнес көп шығынды талап етеді, сондықтан жүйелі жұмыс жоспарын құру өте маңызды. Оның отбасылық шаруашылығында үйдің үлкені де, кішісі де жұмысқа бейімделген. Көкөністер қалаға көтерме бағамен өткізіледі, себебі қалада сұраныс жоғары.
Қиындықтар мен қолдау қажеттілігі
Кәсіпкер алғашқы жылдары туындаған қиындықтарды да айтып өтті. Қалың қардың салдарынан бірінші салған жылыжайы қирап қалған. Жергілікті әкімдік пен облыс әкімі хабардар болғанымен, ешқандай қолдау көрсетілмегеніне өкініш білдіреді.
Осыған байланысты, Нұржан Қошбаев жылыжай кешеніне мемлекет тарапынан жеңілдіктер немесе төмен пайызбен несие қарастырылса, кәсіпті одан әрі дамытуға мүмкіндік туар еді деп үміттенеді.
Бәйтерек ауылының тұрғыны Төрехан Мәмбетәлиев Нұржан Қошбаевты мақтап: «Ауылдың жері құнарлы, ауасы таза. Еккен егін бітік шығады. Біздің үйдің балалары Нұржанның жылыжайында еңбек етеді. Ол қарапайым жан», – деп қорытындылады.








Оразалы Найман
