Елі үшін елжіреген ерлік: Құтқарушы Талғат Букунев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
2025 жылдың басынан бері төтенше жағдайлар бөлімінің 112 телефонына облыс халқынан 116 795 рет қоңырау келіп түсті.
Облыс аумағында 338 өрт болды, 28 адам жарақат алды, 18 адам көз жұмды. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 229 млн. 634 мың теңгені құрады.
Табиғи және техногендік 355 төтенше жағдай тіркелді, 61 адам зардап шекті, 19 адам қаза болды. Өрт қауіпсіздігі бойынша 4100 ереже бұзылғаны анықталды.
21 ақпанда қалалық төтенше жағдай бөлімінің телефоны шыр етті. Қала тұрғыны үшқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан өрт шыққанын хабарлаған еді. Қыстың сақаған аязы, №1 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру бригадасы жедел жолға шықты. Өрт сөндірушілердің ширақ іс-әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алды. Аулаға кіргенде үйдің кіреберісі отқа оранып үлгерген екен. Бірінші қабаттан баланың жылаған дауысы естілді. Талғат Букунев жалындап жанып жатқан отқа кіріп, ересек ер адам мен баланы құтқарды.
11 ақпанда кешке қарай Халтурин көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Талғат Букуневтің бригадасы үш адамды өрттен алып шықты. Екі адам ауруханаға жеткізілді, үшіншісі дін аман.
– Қаладағы бесқабатты тұрғын үйден өрт шықты деген хабар келіп түсті. Құтқару бригадасы өрт көлігімен тез жеттік. Көпқабатты үйге жақындағанда, әйел адамның жан ұшыра айлайлаған даусын естідік. Сатыларды құрастырып, жылдам бесінші қабатқа көтерілдім. Бойжеткенге тыныс алу аппаратын кигізіп, оны арқама салып, өрттен аман алып шықтым. Сол бойжеткеннің алғысқа толы жанары көпке дейін көз алдымнан кетпеді, – деді Талғат алғаш жұмыс күнін еске алып.
Талғат Букунев облыстық төтенше жағдайлар басқармасының №1 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі болып қызмет етеді. Жамбыл ауданы Муромское ауылында дүниеге келген. Құрылыс-экономика колледжіне оқуға бара жатқанда, жақын маңнан өрт сөндіру бөлімінің көліктерін жиі көретін. Ол көше бойымен зулаған, дабыл қаққан өрт сөндірушілерге сүйсіне қарайтын. Құтқарушылармен бірге отқа да, суға да түсіп, адамдарды құтқаруды армандайтын. Оған зардап шеккендерді іздестіру, өрт сөндіру құралдарын пайдалану, жабдықтарды дайындау, ойлы-қырлы жер жағдайын анықтау, су кедергісін, жартасты, қар беткейін еңсеру, медициналық көмек көрсету ұнайтын. Әскердегі борышын өтеп, республикалық гвардияның элиталық бөлімінде шынығып, ер жетіп оралған Талғаттың арманы орындалды. Ол өз мамандығын қателеспей тапты. Өзін құтқарушылардың қатарында сезіну Талғат үшін үлкен абырой еді.
Негізінде құтқарушы шыдамды, батыл, өжет, батыр, төтенше жағдайды жылдам бағдарлап, тез шешім қабылдайтын, әрқашан өзгелерге көмектесуге дайын тұрады. Талғат Букунев бастаған құтқарушылар Қостанайдағы орман өртін өшіруге де қатысып, тілсіз жаумен үш күн алысты. Өткен жылы су тасқынында да ауыл тұрғындарына бірінші болып көмекке келген де осы құтқарушылар. Қолыңнан келгенше қоғамға пайда әкелу, қызметіңді адал орындау, сеніп тапсырылған істі соңына дейін жеткізу оның өмірлік ұстанымы. Өз өмірін қатерге тіккен, елі үшін жүрегі елжірейтін құтқарушы төрт баланың әкесі. Ол бос уақытын отбасының қасында өткізіп, балық аулағанды ұнатады.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрі Талғат Букуневті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.




