Сурет Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі сайтынан

СҚО-дағы вагон жасау зауыты жаңғыртылуда: Өндіріс 3000 вагонға жетеді және 300-ден астам жұмыс орны ашылады

Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі өндіріс орындарының бірінде индустриялық жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жылжымалы құрамды құрастыруға арналған аустриялық IGM компаниясының жоғары технологиялық өнеркәсіптік роботтарын орнату жұмыстары басталып кетті.

Жыл соңына дейін жаңа цехтың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл цехта жүк жылжымалы құрамын өндірудің толық циклі іске қосылады.

Жаңа өндірістік қуаттарды пайдалануға беру арқылы кәсіпорын өндіріс көлемін жылына 3 мың вагонға дейін арттыруды көздеп отыр. Ең маңыздысы, өндірісті кеңейту нәтижесінде 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бұл ретте, жалпы ауданы 60 000 шаршы метр болатын ескі ғимараттарды бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр, олардың орнына заманауи өндірістік цехтар салынады.

Кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныс тұрақты түрде жоғары және өндіріс көлемі жыл сайын өсуде. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында: 712 платформалық вагон, 12 багаж-пошта вагоны, 2 электропойыз және 44 жолаушылар вагоны шығарылған.

Бұдан бөлек, болашақта бизнес-класс жолаушылар вагондарын өндіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл бастама Қазақстанның ішкі нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі технологиялық дамуды жаңа деңгейге көтереді.

Similar Posts

Добавить комментарий