Ниет түзу болса, қарыз болмайды: СҚО-да «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауаттылықты арттыруда
Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – жеке тұлғалар арасындағы проблемалық берешекті азайтып, халықтың қаржылық сауатын арттыру. Осы мақсатта, 2024 жылдың ақпан айынан бастап «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы жұмыс істеп келеді. Үстіміздегі жылдың сегіз айы ішінде облысымызда осы жоба бойынша 7200 адам сауатын жетілдірген.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Александр Зельдің айтуынша, жоба аясында зейнеткерлерден бастап, жас кәсіпкерлерге дейін көмек көрсетілген. Заңгер мамандар несиенің кестесін жылжыту, банкрот деп жариялау, бұғатталған банк счетін шешу, жас кәсіпкерлерге пайызы төмен немесе пайызсыз несие алуға жәрдемдескен.
Қаржылық сауаттылықты қалай бастау керек?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желілерде халықты ақша жинауға үйретіп, қаржылық сауаттылықты отбасылық бюджеттен бастау қажеттігін ұсынады. Оның айтуынша, бір айлық кіріс-шығысты дәптерге жазып, есеп-қисап жүргізуден бастау керек. Сонымен қатар, табысы 85 000 теңге болатын адамға қосымша табыс көзін табуды ойластырғаны абзал.
Басты қағидалардың бірі – артық шығындарды қысқартып, қауіпсіздік қор жинау. Сабақта айлықтың 10 пайызын үнемі жинау ұсынылады. Идеалды қаржылық қор жалақының алты айлық мөлшерін құрауы тиіс (мысалы, айлығы 300 мың теңге болса, қорда 1 миллион 800 мың теңге болуы керек).
Зерттеулерге сәйкес, елімізде ақша ұқсатуда әйелдерге қарағанда ер азаматтар ұқыптылық танытады. 18-29 жастағы жастар мен 60-75 жастағы қариялар қаржы игеруде қиындыққа жиі кезігеді.
«Мен жастайымнан ақшаның қадірін біліп өстім. Үйдегі видео аппаратты таныстарыма жалға беріп, ақша жасауды үйрендім… Ақшаны оңды-солды жұмсамаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кесемін,» – дейді Дархан Хасенов өз тәжірибесімен бөлісіп.
Кредит мәдениеті және банктердің жауапкершілігі
Халықтың 60 пайызының қаржылық сауаты төмен. Жеті миллионнан астам қазақстандықтың кредиті бар. Көпшілік несие алғанда оңын-солын зерттеп-зерделемей алады. «Бей-берекет кредит алу, бір банктің кредитін екінші банктен кредит алып жабу» – қоғамға жат құбылыс емес.
«Қаржылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан үйрету керек. Жастар табысын растамай онлайн несие алады да, төлеуге келгенде қиналады. Банктер онлайн кредит беруді тоқтатуы тиіс», – деп Ұмсындық Ыбырайқызы өз пікірін білдірді.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1,5 миллион адамның банк картасы бұғатталған. Бұл мәселеде екіұшты пікір бар:
- Құралай Дүйсенова картаны бұғаттауды мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық деп түсінеді, бірақ отбасының ауыртпалығын жеңілдету үшін альтернатива қарастырылса дейді.
- Зейнеткер Алтыншаш апа кредитті төлей алмай, карталары бұғатталғанын айтып, банк пайызының өте жоғары екеніне шағымданды.
Қаланың белді банктерінің басым бөлігі «Қарызсыз қоғам» жобасы үкіметтің жобасы деп, бұл мәселеге ықылас танытпайды. Алайда, Home Credit Bank пен Центр Кредит банк аталмыш мәселеге жауапкершілікпен қарайтыны байқалады.
Қоғамдық пікір және болашақ
«NEXT» қоғамдық ұйымыныің төрайымы Алма Мұстафина қаржылық қиындыққа ұшыраудың түбі тереңде жатқанын, оның мәдениеттің төмендігінен болатынын атап өтті. Ол қаржылық сауаттылыққа қатысты ақпаратты әлеуметтік желілерде (TikTok, Instagram, Telegram) көбірек беру қажет деп есептейді, себебі халықтың басым бөлігі сол жерде отыр.
Оқырмандардың пікірлері де сан алуан: бірі құмар ойынға беріліп, карточкасы бұғатталған ұлын айтса, екіншісі кредитті төлеген соң, ақшаның ағыны (потогі) ашылғанын айтып, адамның өз жолын өзі байлайтынына назар аударады.
Қаржылық сауатсыздықтың төмендігі азаматтардың банк карталарының бұғатталуына және экономиканың әлсіреуіне әкеледі. «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған қажетті бастама. Әрбір қазақстандық қалтасындағы қаражатын ұқсатуда ысырапшылдыққа бой алдырмай, аса ыждаһаттылық танытқаны жөн.
Оразалы Найман
