«Грант көп, бірақ тапшы мамандықтарға аз»: Облыстық қоғамдық кеңесте колледждердегі білім беру мәселесі талқыланды
Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында колледждердегі білім беру және мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесі қаралып, қызу талқыланды.
Биыл облыс колледждеріне оқуға түсуге төрт мыңға жуық талапкер өтінім берген. Соның 3700-і грантқа ілігіп, 300 үміткер грантсыз қалған. Конкурсқа 23 кәсіби-техникалық оқу орны (колледж) қатысты. Талапкерлер өтінімдерін «EGov» порталы арқылы беріп, үміткерлерді реттеу «College SmartNation» платформасы арқылы жүргізілген.
Жастардың басым көпшілігі сұранысқа ие мынадай мамандықтарды таңдаған:
- «Мейіргер ісі»
- «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту»
- «Автомобильге техникалық қызмет көрсету»
Білім басқармасы талапкерлерді іріктеуде олардың оқу үлгерімі мен жетістіктеріне, сондай-ақ көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасыларының балаларына ерекше мән берген. Жиында білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова жалпы мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту керектігін айтты.
Алайда, Қоғамдық кеңестің мүшесі Юрий Белоног басқарманың жұмысына көңілі толмайтындығын білдірді. Ол нақты қажетті кадрларға бөлінген грант санының аздығын сынға алды:
«Ара шаруашылығы және Туризм сияқты мамандықтарға 125 талапкер қабылданыпты. Бұл салада жұмыс беруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Өңірімізге ауадай қажет білім беру және денсаулық сақтау мамандарына болса, небәрі 25-30 грант қана бөлінген. Облыста кадр тапшылығы жойылмай тұрған кезде, бұл қате шешім», – деді Юрий Белоног.
Бұл мәселе облыстағы нақты жұмыс күшіне деген сұраныс пен оқу орындары дайындап жатқан мамандар арасындағы алшақтықты көрсетеді.
