Ауылды дамыту және әлеуметтік жауапкершілік: СҚО әкімі Аққайың ауданында
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданына жасаған жұмыс сапары барысында егін жинау науқанының барысымен, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі шаралармен танысты.
Қазіргі уақытта аймақта егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Биылғы өнім мол болады деп күтілуде. Аққайың ауданында жалпы егіс алқабы 153,6 мың гектардың 23%-ы жиналды. Ауданның барлық сегіз астық қоймасы (элеватор) өнімді қабылдауға дайын, жұмыс ұйымдасқан түрде жүргізілуде.
«Ауылдың тұрақты дамуы әлеуметтік жауапты бизнестің қатысуынсыз мүмкін емес. Аграрлық саланың көшбасшылары — Г.Г. Зенченко, Б.А. Шаймерденов, Е.К. Зикирин, В.В. Герд және басқалары туған ауылдарының дамуына нақты үлес қосып келеді: олар жұмыс орындарын ашады, әлеуметтік жобаларды іске асырады, халыққа қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей: “Әрбір табысты азамат туған жеріне қамқорлық жасауы керек”. Мұндай үлгілер бүкіл өңір үшін бағдар болып табылады. Ауылда жұмысшы мамандық иелері — механизаторлар, құрылысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, аграрийлер тұрады. Олардың күнделікті еңбегі тек ауданның ғана емес, бүкіл облыстың тұрақты дамуының негізі болып табылады. Осы адамдардың өмірі мен еңбегі үшін лайықты жағдай жасау және оларды қолдау біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан бөлек, Смирново ауылында заманауи хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Жаңа спорт нысаны жастардың белсенді демалысы мен ауылдағы бықаралық спортты дамытуға жағдай жасайды. Сондай-ақ, жергілікті мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аға буынға қолдау көрсетуге ерекше назар аударылған. Аудан аумағында Ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, мұнда қарт адамдар белсенді өмір салтын ұстанып, қарым-қатынас жасап, шығармашылықпен және спортпен шұғылдана алады. Облыс әкімі орталық қатысушыларымен кездесіп, олардың өмірге деген құштарлығы мен жігерін атап өтті.
Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың сұрақтарын, ұсыныстары мен бастамаларын тыңдады. Көтерілген барлық өтініштер бақылауға алынды.
