Ауыл шаруашылығы министрі СҚО-ға жұмыс сапарымен келді: АӨК даму қарқыны мен рекордтық астық жиымы
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Сапар барысында ол облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті. Министр егін жинау науқанының қорытындысымен және Қызылжар ауданында салынып жатқан ірі мегаферманың құрылысымен танысты.
СҚО агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамыту қарқыны бойынша еліміздің алдыңғы қатарларында тұр. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 255,7 млрд теңгені құрады.
Аграрлық құрылымды әртараптандырудың нәтижесі
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста аграрлық құрылымды әртараптандыру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, зығыр, рапс, күнбағыс және жасымық сияқты жоғары табысты дақылдардың егіс көлемі арттырылған. Майлы дақылдардың жалпы көлемі 1 миллион гектарға жетті, бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Биылғы егін жинау науқаны қорытындыланып келеді. Диқандар бүгінгі таңда 5,6 миллион тонна астық жинады, бұл – жоспардың 95,3 %-і. Өңірдегі орташа өнімділік 20 ц/га деңгейінде сақталуда. Атап айтқанда, «Зенченко и К» агрофирмасы, «Вагулинское» ЖШС және «Ногайбай» ЖШС сияқты бірқатар шаруашылықтар 50 ц/га дейін өнім алған.
Мал шаруашылығындағы заманауи жобалар
Солтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамытуда да көш бастап тұр. Бүгінде облыста 110 сүт фермасы жұмыс істейді, оның 42-сі соңғы үш жылда салынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Құрылыс кезеңіндегі ірі жобалар қатарында:
- 8 000 басқа арналған «Зенченко и К» КС мегафермасы.
- Орталық Азиядағы ең ірі «Карусель» қондырғысы орнатылатын, 10 000 басқа арналған «СК Агро – 2050» ЖШС-ның сүт кешені.
- «Возвышенка СК» ЖШС пен «Атамекен Агро Корнеевка» ЖШС-ның цифрлық фермалары.
Заманауи технологияларды енгізу мен мемлекеттік қолдаудың арқасында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің аграрлық саласындағы жетекші өңір мәртебесін одан әрі нығайтып келеді.








