Шымкенткен келген Гүләйхан
2021 жылы Арайлым Балғабек Шымкент технологиялық университетін бітірген соң, «көші-қонның оңтүстіктен солтүстікке бағдарламасы» аясында отбасымен Есіл ауданы Қарыағаш ауылына көшіп келді. Магистратураны бітірген жас маман 200-ден астам қатарластарының теріскейге қоңыс аударуына себепші болды. Оңтүстіктен екі кішкентайымен қоныс аударған жас отбасының Қарыағаш ауылында жағдайы болмады, су жоқ, балабақша жоқ. Бір жыл ауылда тұрады да, олар келесі жылы аудан орталығы Явленкаға көшті. Қазір оның қызы үшінші, ұлы екінші сыныпта Корнеевка мектеп интернатында оқиды. Интернатта жататын орны мен тамағына айына бір балаға 5000 теңге төлейді, балалар сенбі, жексенбіде үйге қайтады. Күйеуі алғашқы көшіп келген жылы ауылда дәнекерлеуші болып еңбек етті. Технолог мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң, күйеуі екеуі мұнай саласына жұмысқа орналасты, қазір вахталық әдіспен Атырауға барып келіп жүр. Балаларына сенбі мен жексенбіде анасы Гүләйхан қарайды.
Екі жылдан соң, Түркістан облысы Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылынан анасы мен інілері Аңсар мен Алмасты Явленкаға көшіріп алдыртты. «Оңтүстік әрине жылы, бірақ Шымкентте жер де, үй де қымбат», – деген Гүләйхан Тойболова теріскейге балаларының болашағы үшін көшіп келгенін, олардың табысы мол қызмет атқарып, қатарының алды болып, тұрмыстары көтеріліп, жұмыста төселіп, әрқайсысы жеке отау құрып кеткендерін тілейтінін айтты. Алғашқыда туыстары «солтүстік суық» деп бетін қайтарғысы келген Гүләйханға бүгінде тұрып жатқан өңірі ұнайды, ауыл тұрғындарымен жақсы тіл табысып, тез сіңісіп кетті. Көшіп келгенде кішкентайы он төртте болатын. Алмас бөтен ортаны жатырқап, көпке дейін жергілікті балалармен тіл табыса алмай жүріпті. Бүгінде ұлының жағдайы жақсы, биыл тоғызыншы сыныпты бітіреді. Солтүстікке көшіп келген жылы Шымкент колледжін бітірген үлкені Аңсар жездесінің қасында дәнекерлеуші болып жұмыс істеді.
2023 жылы аудан әкімі Гүләйханның отбасына сегіз сотық жері бар үш бөлмелі үй берді. Олар адам басына 200000 теңгеден жәрдемақы алды. Оңтүстікте пеш жақпайды. Жастайынан газға үйренген Гүләйхан алғашқы жылы пеш жағудан қиналыпты. Аудан әкімі Мереке Мұхамедияров уәдесінде тұрып,былтыр үйге жылу орнатып берген. Қазір жағдайы жақсы. Көші-қон бағдарламасымен үш бөлмелі үйді 8,5 миллион теңгеге келісімшарт арқылы берді, айына 6500 теңгеден төлейді. Бес жылдан соң, атына аударып алуына болады. Жергілікті әкімдіктің көмегіне дән риза аспазшы коммуналдық қызметті де ай сайын үзбей төлеп отыр. Гүләйхан жазда бау-бақша егеді. Келген жылы жұмыс болмай, бір жыл үйде отырды. Аудандық мансап орталығының бастығы Қасым Сейтбенбетовтің көмегімен үш айлық аспазшыныңоқуын оқып, курсты бітірген соң, аудан орталығындағы асханаға аспазшы болып жұмысқа орналасты. Аспаз мамандығына оқығанда мансап орталығы ай сайын 65000 теңге шәкіртақы төледі. Асханада үш адам жұмыс істейді: аспазшы, көмекшісі және ыдыс жуушы. Асхана қожайыны ерлі-зайыпты Пірімқұловтар да жиырма жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген қандастар. Таяуда Явленкаға іссапармен барғанда, орталықтағы асханалардың біріне бас сұқтым. «Пірімқұловтардың асханасын жұрттың бәрі біледі. Шаруаммен ауданға келгенде, осы асханадан дәм татпай кетпеймін, самсаның дәмі тіл үйіреді, тамағы өте дәмді», – деді жол сілтеген Тауашар ауылының тұрғыны Дәметкен Абдуллаева.
Ауданның кіре берісіндегі қатар-қатар салынған жаңа үйлер көші-қон бағдарламасымен салынған. Ондағылардың басым бөлігі – Түркістан облысының Шардара ауданы мен Сарыағаш ауданынан көшіп келгендер. Олар мал ұстап, бау-бақша егіп, бүгінде теріскейдің тұрмыс тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Бірі таңертеңнен кешке дейін жұмыста болып, қайсыбірі жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген түркістандықтар теріскейге келгендеріне өкінбейді.
Явленкада көші-қон бағдарламасымен келген жас отбасылар көп, олардың біразы дәрігер болып еңбек етеді. Көшіп келгеніне үш-төрт жыл болған оңтүстік жастарының тұрмыстары оңалып, арасында қызмет дәрежесі көтерілгендері де бар екен. Бүгінде аудандық аурухананың екі дәрігері Астанада оқып, кәсіби білімін жетілдіріп жатқан көрінеді.
«Солтүстікке қоныс аударғаныма өкінбеймін, үлкенім көшіп келген жылы дәнекерлеуші болды, кейін Қостанайдағы ішкі істер саласының алты айлық курсын тәмамдап, былтырдан бері аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүр», – деді Гүләйхан қоштасып тұрып.
Дәметкен апай айтқандай, аспазшының пісірген самсасының дәмі аузымыздан көпке дейін кетпеді.
Оразалы Найман
