|

Қарғалы аралында адасқан бойжеткен: Полиция қызметкерлері аман алып қалды

29 маусым күні таңертең Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны Қарғалы аралындағы демалыс базасы маңында адасып қалды. Кейін белгілі болғандай, ол қатты уайымдау және қобалжу салдарынан жолынан жаңылып қалған. Бойжеткен өзінің жүкті құрбысына шақырылған жедел жәрдем көлігін күтіп алуға шыққан екен.

Адасқанын түсінген соң, ол дереу полицияға қоңырау шалған.

Қоңырауды Қызылжар ауданы полиция бөлімінің кезекші қызметкері қабылдап, Петропавл қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жақын маңдағы экипаждарына бағыт-бағдар берді.

Орман алқабы мен Пестрое көлі жағалауын тексеру барысында полиция аға лейтенанты Бейбіт Кереев пен полиция лейтенанты Анатолий Божко көмек сұраған айқайды естиді. Киімі малмандай су, тоңған қызды олар аралдан тауып алады. Бейбіт Кереев суға түсіп, қауіпсіз өткел тауып, бойжеткенді аман-есен жағаға алып шыққан.

Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат аясында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, ұялы телефондарын өздерімен бірге алып жүруге шақырады. Осындай жағдайларда геолокациясы қосылған «102» мобильді қосымшасын пайдаланудың үлкен көмегі бар екенін ескертеді.

Similar Posts

Добавить комментарий