Қопай ықшам ауданы: Алғашқы көпқабатты үй қазан айының соңында тапсырылады
Петропавл қаласындағы Қопай ықшам ауданы қарқынды дамып келеді. Бұрынғы ескі әрі апатты үйлердің орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңдерінде бірқатар қиындықтар туындап, салдарынан пәтер кезегінде тұрған азаматтар баспаналарын үш жылдан астам уақыт күтуге мәжбүр болды.
Құрылыс тұрақталды, әлеуметтік бағытқа басымдық беріледі
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық тұрақтандырылып, жоспарлы түрде жүзеге асуда. Қазан айының соңына қарай жаңа тұрғын ауданындағы алғашқы көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Қазір үйдің айналасын абаттандыру жұмыстары аяқталу сатысында.
Құрылыс облигациялық қаражат есебінен қаржыландырылуда. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы үлестірілетін болады, мұнда әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі:
- 70% – осы санаттағы азаматтарға (оның ішінде 20% ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға).
- 30% – тұрғын үй кезегінде тұрған өзге азаматтарға арналмақ.
Жалпы алғанда, осы жылдың соңына дейін Қопай шағын ауданында барлығы алты көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарланған.
