«Ақылды» бақылау: Жол ережесін тіркейтін камералар енді қала сыртындағы трассаларға да орнатылуда
Петропавл қаласының жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін жүйелердің тиімділігін жақсы біледі. Өйткені, мұндай құрылғылар орнатылған жол айрықтарында ауыр зардаптарға әкеп соққан бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Полиция қызметкерлері жол апаттарын талдауға және азаматтардың өтініштеріне сүйене отырып, енді осындай жүйелерді қала сыртындағы трассаларға да енгізу жұмыстарын қолға алды.
Жолдардағы жаңа бақылау нүктелері
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 67 «ақылды» бейнебақылаудың аппаратуралық-бағдарламалық кешені (АБҚ) жұмыс істейді. Маусым айының 10-нан бастап қозғалыс қарқындылығы жоғары Қызылжар ауданының маңында 5 жаңа кешен іске қосылды:
- «Жезқазған — Петропавл» трассасындағы Бескөл және Бәйтерек ауылдарының негізгі кіреберістері;
- «Астана — Петропавл» трассасындағы «Altiro» кафесінің маңы;
- «Челябі — Новосибирск» трассасындағы Белое ауылының негізгі кіреберісі.
Бұдан басқа, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы Көкшетау – Петропавл автожолындағы Бескөл, Астраханка және Драгомировка ауылдарына жақын жердегі аркаларға автоматты жылдамдық өлшегіштерді орнатты.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың мақсаты – облыс жолдарындағы апат санын азайту. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда тіркелген 184 ЖКО-да 7 адам қаза тауып, 256 адам жарақат алған. Полицейлер жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауды өтінеді



