Қазақстан полициясы күні: СҚО-да қызмет бабында қаза тапқан әріптестер еске алынып, Ашық есік күні өтті
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті (ПД) Қазақстан полициясы күніне орай жаңа жұмыс күнін Мемориал алдында бір минут үнсіздікпен және қызыл қалампыр гүлдерін қоюмен бастады. Департамент қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етіп, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтайтынын білдірді.
Мерекелік іс-шара одан әрі Ашық есік күнімен жалғасты. СҚО ПД әкімшілік ғимаратының алдына қызметтік автокөліктер, қару-жарақтар мен арнайы құралдардың, макеттердің көрмесі қойылды. Мұнда құқық қорғаушылар «Заң және Тәртіп» қағидаты негізіндегі өз қызметтері туралы айтып берді.
Іс-шараның басты қонақтары болған балалар мен жасөспірімдер полиция қызметкерлерінің құрал-жабдықтарын қуана киіп көріп, заманауи техникамен танысты, сондай-ақ қызметтік иттермен суретке түсті.
Келгендер үшін ПД-ның бірегей жәдігерлерге бай мұражайына және Петропавл қалалық ПБ-ның Жедел басқару орталығына (ЖБО) арнайы экскурсиялар ұйымдастырылды. Полицияның ешқашан ұйықтамайтын жүрегі саналатын ЖБО-да «102» арнасына және мобильді қосымшаға түскен барлық өтініштер қабылданып, азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін қызметкерлер жедел жіберіледі.
Полицейлер мұндай экскурсиялар жасөспірімдердің құқықтық санасын арттырып, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және Заң мен Тәртіп идеясына деген құрметін оятуға көмектесетініне сенімді.




