«Келешек мектептері»: Береке шағын ауданында заманауи білім ошағы ашылды
Солтүстік Қазақстан облысының Береке шағын ауданында Мемлекет басшысы бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық жаңа мектеп есігін ашты.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, балаларға сапалы білім беру үшін заманауи жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Жаңа білім ошағы толықтай жабдықталған: мұнда STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография залдары, коворкинг-аймақтар, сондай-ақ заманауи спорт және акт залдары бар. Оқу процесі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, ғимаратта қауіпсіздік пен инклюзивтілікке ерекше назар аударылған. Мектеп ішіне бейнебақылау жүйелері орнатылып, инклюзия кабинеттері мен сенсорлық бөлме жасақталған.
«Осындай мектептерді ашу – сапалы және қолжетімді білімді дамытудағы маңызды қадам. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастырамыз», — деп атап өтті аймақ басшысы.
Осылайша, СҚО-да білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және жастарға сапалы білім беруді қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
