Қызылжар ауданында бөгеттерді қайта жаңарту жұмыстары қарқынды: Өңір басшысы бақылауды күшейтті
Қызылжар ауданында су тасқынының алдын алу мақсатында бөгеттерді қайта жаңарту және нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңір басшысы жұмыстардың барысын тексеріп, бірқатар бағыт бойынша тапсырма берді.
Тепличное және Прибрежное ауылдарында су қорғау құрылыстарының жер қазу жұмыстары аяқталуға жақын. Қатар жүргізіліп жатқан іс-шаралардың бастысы – қорғаныс бөгеттерін темірбетонмен нығайту.
Облыс әкімі жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше көңіл бөлінуі керектігін баса айтты:
«Құрылыс барысының әр кезеңін тұрақты бақылауда ұстауды Қызылжар ауданының басшылығына тапсырдым. Бұл жұмыстардың сапасы халықтың қауіпсіздігі үшін маңызды,» – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да бақылауда. Прибрежное ауылындағы көпір өткелімен бірге автомобиль жолының учаскесін қайта жаңарту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайын және мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.



