«Ақылды» камералардың арқасында жол қауіпсіздігі күшейді: СҚО-да 77 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларындағы адам өлімі мен жарақаттануын азайту мақсатында полиция жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін аппаратуралық-бағдарламалық кешендерді белсенді қолдануда. Облыс аумағында бүгінгі таңда 67 осындай АБҚ (ақпаратты бейнелеу құралы) жұмыс істейді.
Бұл кешендер, ең алдымен, жылдамдық режимін бұзуды, жол белгілерінің ережелерін сақтамауды және бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кетуді анықтауға бағытталған.
8 ай ішінде аппаратуралық-бағдарламалық кешендер облыста 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісін тіркеді. Әрбір бұзушылық – бұл апат, яғни адам өлімі қаупі.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы 362 жол-көлік оқиғасында 28 адам қаза тауып, 488 адам жарақат алған.
Маңыздысы, АБҚ орнатылған жерлерде ауыр зардаптарға әкеп соққан бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Бұл факт жол қозғалысын бақылаудың негізгі мақсаты – айыппұл салу емес, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін тағы бір дәлелдейді.
Полицейлер қозғалысқа қатысушылардың барлығын жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырады. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру – әрбір азаматтың заңға деген жауапкершілікті қарым-қатынасының ісі.
