Жер дауы ушығып тұр

Облыстық кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамдық кеңесіне «Қызылжар 2020» компаниясынан шағым түсті. «Қызылжар 2020» ЖШС-і директоры Елдар Базаровтың айтуынша, аудандық әкімдік төтенше жағдайдың алдын алу мақсатымен компанияға тиесілі жерден канал жүргізген.

Кәсіпкер залалдың орнын толтырып, егістікті қалпына келтіруді талап етіп отыр. Әкімдік пен кәсіпкер арасындағы дау облыстық экономикалық тергеу басқармасында кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өтті. Заңның бұзылғанын дәлелдейтін фактілер келтірілсе де, әкімдік мойындамай отыр.

Кәсіпкерлік палатасының бөлім бастығы Айдос Кенбеилов каналдың егін жинайтын аймақтан қазылғанын, жер учаскесінің бұзылғанын, мелиорацияның зақымдалғанын, әкімдіктің жауапкершіліктен қашып отырғанын айтты.

Жер құрылысы мамандары жеке меншік жер учаскесінің заңсыз қазылғанын растады. Аудандық әкімдік кәсіпкердің уәжімен де, жер құрылысы маманының шешімімен де келіспей отыр.

Әкімдік 2025 жылдың соңына дейін №415-ші жер учаскесін уақытша пайдалануға алады. Шындығында әкімдік аталмыш жер учаскесімен қоса №417-ші жер учаскесінде қазып жіберген. Тартылған каналдың оң жағы мен сол жағы төңірегінде мәселе туындап отыр. Соныың салдарынан №416 жер учаскесіне баратын жол жабылды. Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда әкімдік көпір салып беретін болыпты. «Жаз өтті, күз өтті, алдымызда қыс. Әкімдік уәдесінде тұрмады» деді Елдар Базаров.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Руслан Аспанов кәсіпкердің уәжімен келіспей, қазу жұмыстарында шекарадан ауытқымағанын айтты. №417 жер учаскесі қазылған каналдың артында қалды, оған баратын жол жоқ. 2025 жылы ақпан айында қазу жұмыстары жүргізілгенде кәсіпкерге өтемақы ретінде төменгі жақтан аумағы үлкен жер телімі ұсынылып, кәсіпкер келіспеген.

Елдар Базаров өзінің №417 жер учаскесіне жол тартып беруді талап етуде. Жол тартылмады, көпір салынбады. Кәсіпкер өз қаражатына көпір салып, жұмсалған қаражатты әкімдіктен өндіруді де ойлапты. Шыққан егінді жинап алу мақсатымен қазылған каналдың тұсын тегістеп тастағысы да келген, бірақ жер әкімдікке тиесілі. «Канал қазуға жұмсалған 125 миллион теңгеге көпір салуға болатын еді» деді кәсіпкер.

Экономикалық қылмыс басқармасы бастығының орынбасары Максим Пахно уақыт өтті, су тасқыны болмады, күз келді, егін жинау науқаны аяқталуға жақындаса да, даудың түйіні тарқалмай тұрғанын жеткізді. Ол заң бұзылды, кәсіпкердің мүддесі ескерілмеді деп отыр.

Қоғамдық кеңес прокуратураға канал қазудағы заңсыздықты, жұмыстың талапқа сай жүргізілгенін анықтауды, өтемақы төленбеуінің себебін нақтылауды тапсырды.

Қоғамдық кеңес төрайымы Инесса Куанова «Төтенше жағдай орын алған күнде де меншік иесінің құқығы тапталмауы тиіс, мемлекеттік органның іс- әрекетін анықтап, кәсіпкердің құқығын қорғауымыз керек» деді төрайым.

Оразалы Найман

Similar Posts

Добавить комментарий