|

Менің атымды Мағжан шығарады

Мағжанның Сәлімжаны

1941 жылы Тасболат дүниеге келерде отағасы орыс кемпірін шақырып, жаратушыны алдайды. Бұған дейін Сәлімжан мен Бибізайып бес баласынан айырылған еді. Орыс кемпірі дүниеге келген нәрестені жерге көміп, үстіне топырақ салады. Көз тиіп, бала тұрмаған шаңырақта «жаратушыны алдайтын» сол заманнның ғұрпы болыпты. Нәрестенің есімін Гүлсім әжей Тасболат деп қояды.

Сәлімжан сөзі өткір, еңбекқор, талапшыл бригадир болды. 1941 жылы Мәскеуде өтетін ауыл шаруашылығы халықаралық көрмесіне барамын деп жиналып жүргенінде, соғыс басталып кетеді. Сәлімжанды «халық жауы» деп соғысқа алмай Кемеровоға еңбек майданына жібереді. Кейін 1953 жылы «Сталиннің өлгеніне қуанды, Сәлімжан қол шапалақтады» деп нақақтан-нақақ жала жабылып, жиырма бес жылға Семейге жер аударады. Түрмеде бес-алты орысты ұзын үлкен орындықпен ұрып, карцерға түседі. Карцердің мұзында жалаңаш отырады. Мәскеуден келген ұлты еврей дәрігер оның құжаттарын тексеріп, еңбек озаты болғанын ескеріп, рақымшылық алуына көмектеседі. Сөйтіп Сәлімжан екі жарым жылдан кейін елге оралады. 1975 жылы Сәлімжан Бекенұлы Жұмабаев 73 жасында өмірден өтті.

Әлихан Бөкейханов

Мағжан 1929 жылы қуғындалып жүргенінде інісі Сәлімжанды өзімен бірге Мәскеуге әкетеді. Олар циркке барады. Аренаға шыққан орыстың алып палуаны бәрін жығады. Цирктің директоры «Палуанмен белдесетін кім бар?» дегенде, Мағжан: «Сәлтай шық, жамбасқа бір соқ» дейді інісіне. Ауылда күнде күресіп жүрген қарулы Сәлтай палуан әлгіні алып ұрады. Цирктің қожайыны оның белдесуіне риза болып, жұмысқа алады. Сәлтай Мәскеуде Әлихан Бөкейхановты көрген. Түрмеде отырған Мағжанға тамақ апарғанда, Бөкейхановқа кіріп, «Мағжанның інісі едім» деп сәлем береді. Сонда Әлихан «Мағжанның інісі болсаң, кәнекей шумақтатып жібер» дейді. «Осы өмірде жүрген сіз-бір бәйтерек, сол бәйтерекке қонған мен-бір көбелек» деп өлеңдетеді. «Мағжанның нағыз інісі екенсің» деп құшақтап, дастарқан жайыпты. Бірақ Сәлімжан түрмеге кіре алмаған, ағасын көрмеген. Күзетшілер сәлемдемеден Мағжанға тек қана галошты беріп, Мурманскіге алып кетеді. Мағжан түрмеде отырып Максим Горькийге, Максим Горький Сталинге хат жазып, 1936 жылы босайды. Дәрігердің «Елге барма, сені ұстайды» дегенін елемей, Қызылжарға келіп жұмыс істейді. Алматыға барған сапарында Мағжанды ұстап қамайды. Содан із-түссіз жоғалады, қайда жерленгені білгісіз.

«Мағжан атамның сүйегі Алматыдағы түрменің маңында деп ойлаймын», – деді туысы Дулат Бекенов.

Мағжанның сүгіреті

Дулат атасы Бекен мен әжесі Гүлсімның қолында (бұрынғы Ленин) Байшілікте тұрды. Әкесі Тасболат 2021 жылы өмірден өтті. Анасы Сара Дулатпен бірге тұрады, жасы 82-де. Үлкендердің әңгімесін көп еститінмін содан есімде қалғандары ғой

«Әжем Мағжанның өлеңдерін жатқа білетін. Үйде маймен басылған қызыл масатымен үптелген Баян батырдың екі кітабы болды.  Қара қарындашпен салынған Мағжанның сүгіретін әжем ықтияқтап ұстады. Осынау тарихи жәдігерлерді көрсетпей комодтың тартпасына салып кілттеп қоятын» деп өткенді еске алды. 70 жылдары ақын, аудармашы Хамза Абдуллиндеген туысы «Мағжанның ескерткіші Түркияда тұр!» депті, бірақ оған ешкім сенбеген.

1950 жылы түріктердің Мағжанға ескерткіш қойғанын кейіннен білді. Дулат Бекенов атасы Мағжан туралы мағлұматтарды ес білгелі зерделеп жинап жүр. Мағжанның ұстазы болған Міржақып Дулатовты Гүлсім әжей қатты құрметтеп, соның құрметіне немересінің есімін Дулат деп қойды.

Дулат онжылдықты бітірген соң педагогикалық училищеде оқып, мектепте мұғалім болды. 1980 жылы Алматыға жоғары оқу орнына түсемін деп жүргенде Дулатты аудандық комитеттің төрағасы Амантай Кудасбаев әкімшілік комиссияға жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Ол заң саласының қыр-сырын меңгерді, жұмысын адал атқарды, халыққа жан-тәнімен қызмет етті. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында 1991 жылы Шығыс Қазақстан университетінің заң факультетіне оқуға түсті.

Атығайдың Шонайы

Дулат әжесі Гүлсіммен бірге Шонай тармағының шежіресін жазды. Әжесінің айтуынша, Шонай атасының бойы екі метр, Наполеон соғысына қатысқан. Оның Наполеон соғысынан қалған пистолеті мен шашақты погонын кеңес үкіметі тәркілеп әкетті. Қазан төңкерісінен кейінгі алмағайып заманда туыстар бір-бірімен қатынаса алмады, жан-жаққа бытырады, ататегін өзгертті. Мағжанның «ұлтшыл» деп қуғынға ұшырауы ағайын-туыс, бауырларына ауыр тиді, өзі «халық жауы» деп атылды. Інісі Мұхаметжан Омбыны паналады. Қадыржан мен Сабыржан есімді үйдің кенжелері Пішпекке кетті. 1918 жылы екі ағасы Әбәмүслім мен Қаһарман алаш партиясының қатарына өтіп, жүзбасшы болды. Оларды 1937 жылы Есіл көпірінің маңындағы тастың түбінде атты. Бүгінде Жұмабай әулетінен Әбәмүслім мен Сәлімжаннан тараған ұрпақ Петропавлда тұрады. Қара шаңыраққа ие болып қалған Дулат ауыр машина зауытында заңгер болып қызмет атқарады.

Жұмабайдың Мағжаны

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев Сасықкөлде өмірге келді. Әкесі Бекеннің шын есімі Бекмағанбет. Анасы Гүлсімнің ұлты түрік болған, өте келбетті, көзі өткір, шашы қою болыпты. Мағжан тоғыз ағайынды: Әбәмүслім, Қаһарман, Күләндам, Әбілмағжан, Гүлбаһрам, Мұхаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан. Мағжанның шын есімі Әбілмағжан. Жеңгелері Мағжанды қазақтың салтыменЖәжеке, Мұхаметжанды Атәтә, Сәлімжанды Сәлтай, Сабыржанды Абылай деп атаған. Мағжанның атасы Жұмабай бес рет қажылыққа барған. Жұмабай қажы сайлауда Абайдың әкесі Құнанбай сұлтанның қызылжардағы оң қолы болған деседі. Ол кезде қажылыққа бару үшін Петербордан рұқсат сұрайды екен. Қара теңіз арқылы кемемен Түркияға өтерде Әшірбей деген түрікпен танысып, оны отбасымен Қызылжарға көшіріп әкеледі. Ұлы Бекеннің сүйген қызы болса да, әкесі Әшірбейдің қызы Гүлсімге үйлендіреді. 1929 жылы аласапыран заманда Бекеннің бүкіл мал-мүлкі тәркіленеді. 1931 жылы Мағжанның екі інісі Қалижан мен Сабыржан Пішпекте кетіп, қырғыз жерінде  жұмыс істейді. Саратов институтын бітірген Қалижан қырғыздың ауыл шаруашылық министрлігінде қызмет атқарды. Сабыржан алмағайып заманда ұлтын қырғыз деп көрсетіп, ататегін Чунаев деп өзгертті. Ашаршылық жылы Бекен мен Гүлсім екі ұлын паналап Пішпекке қашады. Бір соквояж алтынды тығып қойған Гүлсім әжей немересі Дулатқа «Новосібір арқылы бір ай жүріп, жол бойы бір уыс ұнды бір алтынға айырбастап, кемпір-шалды Пішпекке аман-есен жеткіздік» депті. Екі-үш жылдан кейін Бекен «Атып тастаса да, елге барып өлемін» деп Қызылжарға келіп, Әбәмүслімнің ұлының қолында тұрады. Немересінің зеректігін сезсе керек, Жұмабай атасы сол кезде «Менің атымды Мағжан шығарады» деген. Сәлімжан ағасын жиі еске алып, өмірден өтерінде «Мағжан аталарың ақталады, ақталған күні қорадағы қасқа биені сойыңдар» деп өсиет айтып кетеді. 1993 жылы Мағжанның 100 жылдығында қара шаңырақта жылқы сойылып, ас беріліп, құран оқылды. Сол күні жаңбыр жауды, артынан жарқырап күн шықты. «Нұр жауды, аруақтар риза болды» деп жиналған қауым тарқасты. Дулат Сәлімжан атасының айтқанын қалтқысыз орындады.

Оразалы Найман

Similar Posts

Добавить комментарий