Қызылжар ауданындағы қауіпсіздік және инфрақұрылым: Әкім жұмыстың барысын тексерді
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданына барып, ондағы Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарындағы қорғаныс құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта нысандарда белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал су тасқынының алдын алу үшін өте маңызды. Жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударылады. Құрылыстың әрбір кезеңін тұрақты бақылауда ұстау қажет», — деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Универсальная көшесіндегі жолайрықтың (путепровод) құрылысын тексерді. Бұл нысан көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін өте маңызды. Құрылысты белгіленген мерзімде, сапасын жоғалтпай аяқтау міндеті қойылды.
Жалпы, сапар қорытындысы бойынша әкім аудандағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті.
