Петропавл әуежайы ірі халықаралық логистикалық торапқа айналмақ
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевпен ресми кездесу өткізді. Келіссөздердің басты тақырыбы — Петропавл қаласының әуежайы базасында заманауи мультимодальды логистикалық хаб құру жобасын жүзеге асыру болды.
Өңір басшысы атап өткендей, Солтүстік Қазақстанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан өте тиімді. Ресей Федерациясымен шекаралас болуы, сондай-ақ Қазақстанды көрші елдің Сібір және Орал сияқты ірі өнеркәсіптік аймақтарымен байланыстыратын магистральдардың тоғысында орналасуы жобаның табысты болуына негіз қалайды.
Қазіргі уақытта Петропавл әуежайының техникалық мүмкіндіктері ауыр жүк ұшақтарын қабылдауға және өңдеуге толықтай қауқарлы. Жоба аясында терминалдық және сервистік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту, жүктерді қайта тиеу мен сақтаудың заманауи жүйелерін енгізу жоспарлануда.
Бұл бастама өңіраралық және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, облыстың елдегі негізгі логистикалық орталық ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Өз кезегінде «Қазпошта» басшылығы өңірмен серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. Бүгінде жобаға қосымша инвестиция тарту және әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары басталып кетті.

