Асық Ату – ЮНЕСКО Мұрасынан Олимпиадалық Деңгейге: Ақжан Сұрағановпен Сұхбат
Қазіргі таңда ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. ҚР Туризм және Спорт министрі жоғары жетістіктерге жеткен спорт түрлерінің тізімін бекітті, соның ішіне «Асық ату» ойыны да кірді. Бұл ұлттық спорттың тұғыры биіктегенін көрсетеді. Алдағы уақытта «Асық ату» ойынының дәрежесі олимпиадалық ойындармен теңбе-тең болары сөзсіз.
Ата-бабамыздан келе жатқан мирасты жоғалтпай, оны әрі қарай дамытып келе жатқан «асық ату» ойынының бас жаттықтырушысы Ақжан Сұрағановты әңгімеге тартқан едік.
- Ақжан Жайықұлы, 2024 жылы Әзірбайжан ұлттық спорт қауымдастығының президенті Казим Гурбанов «Сіздер бақытты екенсіздер… бүгінде ұмыттық» деп, асық ойынын спортқа айналдырған қазақ халқына риза болыпты. Өзге халық өкілі жоғары баға берген асық ойынының бүгінгі жай-күйі қандай?
2014 жылы Қазақстанда асық ойыны қолға алынды. 2017 жылы Кореяның Чеджудо қаласында өткен 12-ші сессиясында асық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. 2019 жылы ҚР Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан ұлттық спорт түрі ретінде мойындалды. 2023 жылы бұрынғы Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен асық ойнап, ұлттық спортымыздың мерейін асырды. Сол жылы еліміздің білім беру ұйымдарында «Алтын сақа» республикалық челленджіне екі миллион оқушы қатысты. 2024 жылы көшпенділердің «асық спорты» халықаралық федерациясы ашылды.
- Бұл ежелден келе жатқан ата-әжелеріміз ойнаған ойын түрі ғой. Жалпы жетістіктеріміз қалай?
2019 жылы Солтүстік Қазақстанда асық ату федерациясы ашылды. Қажымұқан атындағы ұлттық спорт мектебінде менімен бірге төрт жаттықтырушы еңбек етеміз. Жылына үш рет облыс чемпионаты өтеді. Сабина Ермағанбет, Камила Сексенбай, Сәния Әскер, Ділназ Кемел, Зарина Ермағанбет есімді қыздарымыз Қазақстанның құрама командасында. Олар «әлем кубогын», «еуразия кубогын» ұтып алды. Солтүстікқазақстандық ойыншылар былтыр Астанада өткен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынында жақсы өнер көрсетті. Сәния Әскер – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
- Асық ойынына баланы қай жастан баулыған дұрыс?
Жас ерекшеліктеріне қарай Қазақстанда асық ойынының төрт чемпионаты бекітілген. Бірінші топ 7-9 жастағы балалар, ең үлкені – 21 жастан жоғары ересектер тобы. Қазақстан чемпионаты ардагерлер арасында да өтеді. Былтыр ардагерлер чемпионатында ұлдар бірінші орынды, қыздар екінші орынды иеленді.
- Қазақтың ұлттық ойынында басты қарсылас кім?
Моңғолия, Қырғызстанның командасы мықты. Ұлдар арасында басты қарсылас – қырғыздар, қыздардың басты қарсыласы – сахалықтар. Астанада өткен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстанның құрама командасы бірінші орынды иеленді.
- Асық ойынының тәрбиелік мәні қандай?
Асық ойынының тәрбиелік мәні – ұлттық ойынды насихаттау, ұлттық құндылықты дәріптеу, жас ұрпақ бойына ұлттық спортты сіңіру. Ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Ол баланы мергендікке, қырағылыққа шынықтырады, икемділікке үйретеді, саусақтың моторикасы дамиды.
- Жақында теннис орталығында ұлттық спорт мектебінің оқушылары шеберлік сағатын көрсетті. Бұл чемпионат алдындағы дайындық болды ма?
Иә, солай. 27-30 қазан аралығында Шымкент қаласында асық ату спортынан кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Жарысқа облыстан алты оқушы қатысуда. Жарыстың бірінші күні аяқталды. Қыздарымыз бес командамен ойнап, үшеуін жеңді. Ойын айналмалы тәсілмен өтеді, оқушылар он сегіз команданың барлығымен ойнап шығады. Алла қаласа, жүлдемен ораламыз.
- Ақжан Жайықұлы, әңгімеңізге рахмет. Оқушыларға жеңіс тілеймін.









