«Қазақстанның Еңбек Ері» Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов: 44 жыл үздіксіз еңбек пен әулеттің абыройы
Республика күні мерекесі қарсаңында Ақордада Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Мамлют ауданының Бексейіт ауылынан шыққан тракторшы-механизатор Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» алтын жұлдызы табысталды. Халық бұл марапатты зор ықыласпен қабылдады. Біз агроөнеркәсіп өндіру саласындағы еңбегімен танылған Мұрат Кеңесұлымен сұхбаттастық.
- Мұрат Кеңесұлы, мереке құтты болсын! Сіздің агроөнеркәсіп өндіру саласын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Рахмет. Барша Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтаймын. Басшыларға алғыс айтамын. Мереке қарсаңында мұндай биік атаққа жетемін деп ойламадым. «К-700» жүгенінде жұмыс істеп жүргенмін, «Ертең Астанаға жол жүресің» деп әкімдіктен хабарласты. Содан әкімдіктің көлігімен Астанаға жолға шықтық. Бірінші күні Астанада Президенттің көмекшісі күтіп алды. Оның кабинетінде шәй ішіп әңгімелестік, өмірбаянымызды сұрады. Қазақстанның 1-ші дәрежелі, 2-ші дәрежелі, 3-ші дәрежелі орден, медалдарының плакаттағы фотосын көрсетіп, не үшін берілетінін баяндады. Бірақ «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы туралы ештеңе айтпады. Дөңгелек үстелде «Еңбек Даңқын» аласыз дегендей емеурін танытты. Маған 2-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін берсе де қуанатын едім. «Жоғары атаққа ие боламын» деген ой менде болған жоқ. Екінші күні Президенттің көмекшісі «Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды, ең жоғары атаққа ие болдыңыз» деп қолымды қысты. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. «Еңбек Ері» атағы қарағандылық кеншіге және маған берілді. «Ата-баба кәсібін 45 жылдан бері жалғастырып келе жатыр» деп еңбегімді жоғары бағалады. Отыз жыл комбайнда, соңғы он бес жылда «К-700» жүгенімен астық тасып келемін. Осындай марапатқа мені лайықты деп тапқан басшылыққа айтар алғысым шексіз.
- Мұрат Кеңесұлы, бұған дейін қандай атақ-абыройға ие болған едіңіз?
2017 жылы 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алған едім. Сол жолы ендігіде бір саты жоғары 2-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алатын болармын деп іштей ойлап жүрдім. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге «Отан» орденін алатыным үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Ақордадағы марапаттан соң, Президенттің көмекшісі «Бірінші күні «Еңбек Ері» атағын алатыңызды айтсам, түні бойы уайымдап ұйықтамай жүрер» деген оймен айтпадым деп ақталды. Жаңа Қазақстанның жоғары атағына ие болғаным мен үшін үлкен абырой.
- Сіздің әулетіңіздің төртінші ұрпағы агроөнеркәсіп өндіру саласында еңбек етіп келеді екен? Бұл ата-баба жолы ғой?
Аға, әке, аталарымыздың жолын қудық. Атам Қуат Ысқақұлы Отан соғысына қатысып, кеудесі толған орден, медалдарымен еліне абыроймен оралды. Соғыстан кейін жиырма бес жыл кеңшарды басқарды. Әкемнің ағасы Ермек Қаражұманов техникум бітіріп келгеннен кейін кеңшарда механик болды. Ол кісі отыз жылдан артық ел басқарған адам. Әкем Кеңес Қаражұманов егін алқабында мен секілді 45 жыл еңбек етті. Механизатордан бастап, бригадирге дейін көтерілді. Әкемнің інісі Марат Қаражұманов жастайынан қара жұмысқа ерте араласып, еңбекқорлығының арқасында Мәскеудегі ауыл шаруашылық көрмесіне қатысқан еңбегі еленген жан. Жас күнімізде осындай еңбек адамдарынан үлгі алып өстік. Бүгінде ағайынды Ермек, Кеңес, Марат Қаражұманның ұрпағы Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай, Мақсат «Мәмбетов және К» шаруа қожалығында еңбек етеді.
- «Ата көрген оқ жонар» демекші, әкеңіз салған соқпақпен жүріп келеді екенсіз ғой? Еңбек жолыңыз қалай басталды?
1980 жылы мектепті тәмамдаған соң, көрші ауылдағы кәсіптік-техникалық училищеде «тракторшы-машинист» мамандығын бітірдім. Жастайымнан әкемнің жанында көмектесіп жүретінмін. Училищені бітірген соң, 1981 жылы ауылға келіп жұмысқа орналастым. 1982-1984 жылдары әскер қатарында борышымды өтедім. Әскерден соң трактор тізгініне қайта отырдым. Еңбек кітапшамда «1981 жылы механизатор болып жұмысқа қабылданды» деген бір ғана жазу бар. 1981 жылдан бері үздіксіз еңбек еткеніме 44 жыл болыпты.
- Кеңес одағының тракторымен қазіргі техниканың айырмашылығы қандай?
Бүгінде техника тұрмақ, компьютер дамыған уақытта өмір сүріп келеміз. Кеңес уақытындағы техниканы заманауи техникамен салыстыруға мүлдем келмейді. Бұрыңғы комбайнға отырғанда артыңнан жел үрлеп тұратын. Қазіргі комбайн жел үрлемек түгілі ішіне шаң кірмейді. Заманауи трактордың да деңгейі жоғары бұрынғымен салыстырғанда. Себебі техниканың бәрі шетелдікі. Қазіргі техника бүгінгі заманның адамына ыңғайлап жасалған. Заманауи техниканы тізгіндеген адам шаршамайды.
- Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
Әйелім екеуміз бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызым Бибігүл тұрмыста, төрт жиенім бар. Екінші ұлым Қайыргелді аудан орталығында қазақ мектеп-интернатында домбырадан сабақ береді. Үш немерем бар, үлкен немерем Ернұр Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған өнер мектебінде оқиды. Кенже балам Мақсат өзіммен бірге «Мәмбетов және К» қожалығының жем-шөп цехында оператор болып қызмет етеді.
- Қаражұман әулеті өнерден де кем емес екен ғой?
Музыкант болмасам да, қазақтың төл өнерінен құр алақан емеспін, аздап домбыра шертетінім бар. Жоғарыда айтып өттім ғой, ортаншы балам музыка пәнінің мұғалімі деп. Қайыргелдімнің үлкені Ернұр Мұрат үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Биыл наурыз айында Алматыда өткен халықаралық «Рауан» фестивалінің бас жүлдесін алды.
- Мұрат Кеңесұлы, Сізден мерекелік тілек болсын?
Қазақ елім гүлдене берсін! Қазақстан жайнай берсін! Еліміздің іргесі берік болып, халқымыз аман болсын! Молшылық заман болсын! Бейбіт заманда өмір сүріп келеміз, одан артық не керек!
- Мұрат Кеңесұлы, әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіздің зейнетін көріңіз.
Сұхбатты дайындаған: Оразалы Найман
