«Бала – Ұлттың Ертеңі»: Балалар Үйі Тәрбиеленушілеріне Арналған Тұсаукесер Салтанаты
Республика күні мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында игі дәстүр жалғасын тапты – қалалық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл шара қазақтың «Бала – аманат» қағидасын ұстанатынын және әр баланың болашағына деген қамқорлықты айқын көрсетті.
Тұсауды дәстүр бойынша ел ішінде сыйлы, көпке өнеге болар азаматтар кеседі. Бұл – баланың өмірі де сол кісілердей жарық, жолы ашық болсын деген ізгі ырым. Осы дәстүрге сай, бүлдіршіндердің тұсауын өңірге еңбегі сіңген, көпшілік құрметтейтін танымал тұлғалар арнайы келіп кесті.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл іс-шараның маңыздылығына тоқталды:
«Қазақ халқы баланы – аманат, ұрпақты – ұлттың ертеңі деп бағалаған. Бала ешқашан «жат» саналмаған. Бұл ұстаным бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бүгінде сан ұлт өкілі тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан Қазақстанда да біз үшін бөтен бала, жат тағдыр жоқ. Бұл балалар – еліміздің ертеңі. Бірі – болашақ дәрігер, мұғалім, енді бірі- инженер, білімнің көшбасшысы болар. Әрбір балапанның қадамы сәтті болып, жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Бұл бастама өңірімізде тұрақты әрі игі дәстүрге айналады деп сенемін».







