Ғауез Нұрмұхамбетов Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның инфрақұрылымын дамыту жоспарларын таныстырды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов 2026 жылғы алғашқы жұмыс сапарын Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның шалғай елді мекендерін аралаудан бастады. Өңір басшысы Чистополь ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді және әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Тұрғындармен жүздесу барысында жолдардың сапасы, елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Соңғы екі жылда ауданның даму бюджеті 20 миллиард теңгеден 41 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Бұл қаражаттың басым бөлігі автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге бағытталып отыр. Атап айтқанда, Чистополь ауылдық округінің бюджеті соңғы үш жылда 449 миллион теңгеге жетті.
Жол инфракұрылымын жақсарту мақсатында «Петропавл – Жезқазған» республикалық маңызы бар тас жолының 120 шақырымынан астам бөлігіне орташа жөндеу жүргізілген. Ағымдағы жылы «Рузаевка – Ақмола облысының шекарасы» бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Үш жылға есептелген бұл жобаның болжамды құны 30 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, Чистополь ауылының ішкі жолдарын асфальттау және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілмек.
Әлеуметтік нысандарды жаңғырту шеңберінде Чистополь орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл оқу орнының спорт залын қалпына келтіру және қажетті жабдықтармен қамту көзделген. Сондай-ақ, ауыл халқының қаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру үшін қаңтар айында банкомат орнатылады. Жұмыс сапары Тахтаброд ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйін аралаумен жалғасты. Өңір басшысы мәдениет ошағын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырды.







