Өз бетінше жұмысқа орналасу үшін Анықтама алу

Шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы беру немесе ұзарту

Өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында жұмысқа өз бетінше орналасу үшін экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптары және білім деңгейі сәйкес келетін шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға берілетін белгіленген нысандағы құжат

ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттің азаматтарын жұмысқа орналастыру Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей тәртіппен жүргізіледі. Бұл жағдайда рұқсат алу қажет емес.

Қазіргі уақытта ЕАЭО құрамына бес ел кіреді: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы.

НҚА

Қажетті құжаттар тізімі

Анықтама беру үшін:

1. өтініш беру тіліндегі, қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы қамтамасыз етілген, бекітілген нысан бойынша анықтама беру туралы өтініш

2. шетел азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі

3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тану немесе нострификациялау рәсімінен өткен білім туралы құжаттардың нотариат куәландырған аудармалары (қазақ немесе орыс тілінде) не ағылшын тілін оқытуға арналған сертификаттардың нотариат куәландырған аудармалары (қазақ немесе орыс тілінде)

4. еңбек қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі, сондай-ақ оның қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы

Анықтаманы ұзарту үшін:

1. жұмыс берушінің атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмiрiн немесе жеке сәйкестендiру нөмiрiн қамтитын ол туралы мәліметтер көрсетілген бекітілген нысан бойынша анықтаманы ұзарту жөнінде өтініш тілінде

2. бұрын уәкілетті орган берген анықтама

3. еңбек шартының көшірмесі

Анықтаманы қайта рәсімдеу үшін:

1. анықтаманы қайта ресімдеуге өтініш

2. тегі, аты, әкесінің аты, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен сериясы өзгертілген құжаттың көшірмесі

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1. Шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесінде көзделген экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптердің біліктілігі мен білім деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі

2. Шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды бағалау нәтижесінің алты балды құрайтын шекті мәніне қол жеткізбеу

3. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігінің анықталуы

Анықтаманың қолданыс мерзімі

Анықтама үш айдан аспайтын мерзімге беріледі

Шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам анықтама мерзімін ұзарту үшін стандартта көзделген құжаттарды ұсынған жағдайда, жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде анықтаманы еңбек шартының қолданылатын, бірақ үш жылдан аспайтын мерзіміне ұзартады